«Үштөбе ТМ (РО)» КММ-де «Оқуға құштар мектеп» жобасы аясында 9-10-сынып оқушылары арасында «Бала шешен» шешендік сөз сайысы өткізілді. Қатысушылардың шешендік өнерге деген құштарлығын арттыру, оқушылардың сөйлеу шеберліктерін жетілдіру, топ алдында жасқанбай, өз ойын жеткізуге үйрету мақсатында өткізілген сайыс 4 бөлімді қамтыды: «Сәлем – сөздің атасы» бөлімінде сайыскерлер өз топтарын таныстырды. «Ұлылар сөзі» бөлімінде берілген қазақтың би-шешендерінің, жырауларының жыр-толғауларының авторларын атады. «Креативті жауап» бөлімінде автор стиліне сүйене отырып, шешендік сөз үлгісінде креативті жауап ұсынды. «Ой түйін» бөлімінде қатысушылар шешендік толғау мен шешендік арнау сөздерде айтылған ойға қатысты өз пікірлерін жазды. Сайыс соңында 9-сынып оқушыларынан құралған «Ізбасарлар» тобы жеңіске жетті. 10-сынып оқушылары қатысқан «Қыран» тобы да шешендік сөз тақырыбындағы білімдерін жақсы көрсете білді.
«Өткенін білмеген ұрпақтың болашағы бұлыңғыр» деген халық нақылы бар. Қазақ елінің тәуелсіз, егемен ел болуын аңсап, күресіп кеткен хандар, билер, батырларды қазіргі ұрпақ құрметтеп, есте сақтауы тиіс. Ұрпағымыз бабаларымыздың тоқсан ауыз сөзді тобықтай түйіндеген өсиеттерін мұра тұтып, отаншылдық сезімдері жалындап, білімді, дарынды азамат болып өсе берсін. Өткізген қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдері К.Ш.Капашева, А.А.Кадирберлина.