WordPress шаблоны скачать; прочитайте про создание сайта самостоятельно; изучите русский WordPress на WordPress API.
 

Мектеп парламенттерінің кездесуі

Бүгін мектепте оқу сессия жоспары бойынша магниттік мектептердегі мектеп парламенті ұйымының биылғы оқу жылындағы алғашқы кездесуі ұйымдастырылды. Кездесуге Заречный ЖОББМ және Амангелді ЖОББМ мектептерінен парламент президенттері мен фракция жетекшілері келді. Балалар екі айда атқарған жұмыстарын көрсетіп өзара тәжірибе алмасты. Оқушылардың арасында жақсы қарым-қатынас орнап, етене араласып кетуі үшін қызықты тренинг өткізілді. Тренинг барысында оқушылар бір біріне жақсы тілектерін білдіріп, ән айтып, би билеп көңіл көтерді. Іс шара соңында мектеп президенттері кері байланысқа шығып, кездесуден алған әсерлерімен бөлісті. Әр мектептен жиналған белсенді оқушылар алдағы уақытқа бірлесіп атқаруға болатын іс шараларды жоспарлап, идеяларымен бөлісті.

«Күзгі fresh»

14 қазан күні мектепте «Күзгі fresh» тақырыбында 7-11 сыныптар арасында квн сайысы ұйымдастырылды. Сайысқа дайындалу барысында оқушылар көп алдында сөйлеу, актерлік шеберлік т.б қасиеттерін дамытып, өздерін жаңа қырынан аша білді. Үздік ойын көрсеткен сыныптар марапатталып, іс-шара би кешімен аяқталды.

Жақсы жаңалық!

14 қазан Үштөбе тірек мектебі Бұқар жырау ауданында ұйымдастырылған мектеп оқушылары, педагогтары және ата-аналар арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру және парасаттылық мәдениетін ілгерілету бойынша
сыбайлас жемқорлыққа қарсы ақпараттық керуенге 3 бағыт бойынша қатысып, белсенділік көрсетті. Бірінші бағыт бойынша «Адал ұрпақ» тақырыбында көрмеге материалдар дайындап, ұйымдастырушылардың ризашылығына бөленіп, алғыс хатқа ие болдық. Екінші бағыт квн сайысына 9 «А» сынып оқушыларынан құралған «Голивуд» квн командасы сынып жетекшісі Оркен Құдайберген Оркенұлының жетекшілігімен 5 минуттық әдемі ойын дайындады. Оқушылар салмақты тақырыпты әдемі әзілмен көркем түрде жеткізе білді. 12 команда арасынан топ жарып І орынды иеленіп, облыстық кезеңге жолдама алды.

Темекі-ғасыр дерті!

5 -11 сыныптарда «Темекі – ғасыр дерті»атты тәрбие сағаты өткізілді. Мақсаты: Оқушыларды зиянды әдеттерден бойын аулақ ұстауға, салауатты өмір салтын сақтауға, темекі шегудің денсаулыққа қауіпті екендігі туралы мағлұмат беріп, ойларын ашық айтуға үйрету, шығармашылық белсенділіктерін дамыту. Тәрбие сағатының түрі: Пікірлесу Егемендіктің тізгінін берік қолға алу үшін, ұрпақтың дені сау, рухани дүниесі бай, ғылым — біліммен жақсы қаруланған болуы шарт. Сабақтарда адам баласына өте қауіп төндіретін зиянды зат — темекі туралы салмақты ой қозғалды. Сонымен оқушылар өз ойларын толықтай жеткізе алды. Адам өмірге темекі тартушы болып келмейді екен, өсе келе жаман әдетке үйір болудан, өз ісіне мән бермеуден, темекі дәмін татып көріп, қалай темекіге тәуелді болғанын байқамай қалып, денсаулығынан айрылып жатады деген пікірлер айтылды. Зиянды заттардан аулақ болайық.

Ұстазым менің, Ұстазым!

Ұстаз деген – жарық күні ғаламның,
Ұстаз деген – анасы ол адамның.
Бүкіл әлем мойындайды еңбегін,
Сен де одан адам болып жаралдың — деп ақындар жырлаған, еңбегін әлем мойындаған Ұстаздар мерекесі де келіп жетті. Бұл мереке ән-күйсіз өтпейтіні белгілі.
Осындай айтулы мерекеде мектебімізде әдемі де әсерлі концерт өткізілді. Оқушылар ұстаздарына алғысын ән- күймен, жырмен жеткізіп, тіпті Мұғалім өмірінен шағын көріністе ұйымдастырып, орынды әзіл мен мағыналы да мәнді сөздерді ұштастыра отыра көрермендерге көтеріңкі көңіл-күй сыйлай білді. https://www.instagram.com/tv/CjLkYjUDds1/?utm_source=ig_web_copy_link

Дублер күні!

30 қыркүйек күні әдемі мерекелердің бірі Мұғалімдер күніне мектеп парламенті және 11 сынып оқушылары ерекше дайындалды. Таңертең дәлізде сүйікті ұстаздарын қошеметпен қарсы алып, жылы лебіздерін білдіріп құттықтады. Мұқият дайындалып, үлкен жауапкершілікпен ұстаздарының орнына сабақ берді.
Оқушылар әрі сынып жетекші, әрі пән мұғалімдері болып бөлініп, мұғалім жұмысының жауапкершілігін бір күн болса да өз бойларынан өткізді.

«Қариясы бар ел – қазынасы бар ел»

Үлкенді сыйлау, оларға құрмет көрсету – ата-бабадан келе жатқан салтымыз. Қазақ «Қариясы бар ел – қазынасы бар ел» дейді. Қарияларымызды құрметтеп, ардақтау – біз үшін парыз. Сондықтан 1 қазан – Халықаралық қарттар күні мерекесіне орай оқушылар мектепке ата-әжелерін шақырып, әдемі мереке ұйымдастырды. Ән айтып, би билеп, өлең оқыды. Сондай -ақ немерелері әжелеріне жылы тілектер жазылған әдемі ашық хаттар сыйлады. Әжелеріміз риза болып, ақ тілектерін білдіріп, шашу шашты. Немере мен ата-әжені біріктірген әдемі іс-шара болды.

«Дені саудың – жаны сау»

Денсаулық – бұл адамның еңбекке белсенді болуы, әрі ұзақ өмір сүруі, тәннің саулығын және рухани саулығын сезіну.
Халқымыз «Дені саудың – жаны сау» деп орынды айтқан. Отанымыздың келешегі, көркеюі – салауатты өмір салтын сақтайтын білімді де саналы ұрпақтың қолында.
Осы орайда дене шынықтыру мұғалімдері, мектеп парламентінің ұйымдастыруымен»Белсенді өмір- жүз жастық ғұмыр!» тақырыбында 1-11 сыныптар аралығында үлкен спорттық іс-шара өткізілді. Балалар арқан тартыс, қол күрес, волейбол, футбол, дартс, асық ату бойынша күштерін сынады. Бұл іс -шаралар балалардың денелерін шынықтырып, салауатты өмір салтын қолдануға насихаттап, сынып арасындағы, оқушылар арасында белсенді бәсекелестіктің дамуына жол ашты. Қызу да қызықты сайыста қатысушылар сынып болып бірігіп, ерік-жігерлерін шыңдады. Әр жарыс түрі бойынша жеңімпаздар анықталды.

«Бақытты отбасы» — баланың ойымен!

«Бақытты отбасы» — баланың ойымен! Бүгін, парламент ұйымымен «Бақытты отбасы» тақырыбында ой бөлістік. Оқушылар отбасындағы өзінің, ата-ананың рөлін айтып, отбасының бақытты, берекелі болуы үшін қажетті ережелерді талқыладық. Іс-шара соңында балалар ата-аналарына хабарласып, жақсы көретіндерін айтып, өз сезімдерін жеткізді. Толқыған балалар, қуанған ата-аналардың сезімдері тоғысып сондай бір әсерлі уақыт өткіздік. Жақынымыздан жылы сөзімізді аямайық! https://www.instagram.com/tv/Cib2RVMjTur/?igshid=YmMyMTA2M2Y=

Мектеп парламенті «Жас қанат» атауымен өз жұмысын бастады!

Балалар мен жастардың шығармашылық белсенділігін және өз бетінше әрекет етуіне, сондай-ақ туындайтын мәселелерді білім алушылардың өз бетінше шешуі үшін жағдай жасау мақсатында құрылған мектеп парламентінің құрамы жаңартылып, «Жас қанат» атауымен оқу жылын бастады. Ұйымның ұраны:
«Жас қанаттың» қатайтамыз қанатын,
Шәкірттер бар оттай лаулап жанатын.
Биік ұстап достық, білім, ілімді
Қуанышын бірлігінен табатын. Ж — жас жеткіншек
А — адалдығымен
С — сан қырлы
Қ — қасиетімен
А — адамгершілігімен
Н — намысымен
А — абыройымен
Т — тәлім алады Оқу жылына жоспар құрылып, әр фракция өз жұмысын бастап кетті.